ОРАЛХАННЫҢ БІР ҚЫРЫ

Печать

ОРАЛХАННЫҢ БІР ҚЫРЫ Ұмытпасам, 1970 жылы болу керек, ол кезде Талдықорған каласында тұратын кезім еді. "Лениншіл жас" газетіне бір топ өлең жібердім де, көпке дейін хабар-ошарсыз кете берген соң, бір күні жоқ іздеп бас редактор Сейдахмет Бердіқұловқа бардым. Сейдағаң екеуміздің одан бұрын бірге қызмет жасап, ағалыінілі кісілердей қату-катты табысып, тату-тәтті ажырасқанымыз бартын. Амандық-саулықтан соң Сәкеңе, наз айтқан болып жатырмын ғой баяғы. О кісі ірілікпен біраз жұбата сөйлеп, қызына бастаған мені сабама түсіріп алды да: - Оралханды шақыршы! — деді хатшы кызына. Оралхан Бөкеевтің аты ол кезде газетген түспейтін. Нөмір сайын демесек те, өкіртіп те, өндіртіп те жазып жататын журналистердің бірі сол! Кабинетке жіптіктей болып аққұба жігіт кірді. Ол кездегі тілде "стильяга" аталатындардың шашына ұқсас салбырай иығына түскен салақұлаш шашын сәнімен сілкілеп қояды екен. Басын кекжите қарап, "Мына Сәкеннің өлеңі бар екен, сол жатып қалыпты, тез шығарып берсек" деген Сейдағаңның сөзіне: "Иә, жатыр. Шығады", - деді де, сол кекжиген қалпы жаңа үйретілген жайдақ аттай ойқастай басыл біраз жүрді де, редактор рұқсатын алып шығып кетті. Өтірік айтып қайтейін, жүріс-түрысы да, кісіге кідие қырындай қарауы да, менмендігі де, керенау кекірттігі де үнаған жоқ. Соны сезген Сейдекең: "Оралхан деген мықты осы. Абыржыма, өлеңің шығады", - деп жұбатып арқамнан қағып, ауылыма қарай ұзатып салды. Аға сөзін малданып, риза болып мен кеткем. Сол Оралхан ініммен жақын танысып, сырласып, туысып кетудің сәті он бес жылдан соң барып бір-ақ түсті. Бұл екі арада бір-бірімізді біле тұра, араласып-құраласып кете алмай, кезіге қалғанда кейде қол берісіп, кейде бас изесіп қана амандасып жүре беретін едік. 1985 жылы асқазан ауырып, "Сарыағаш" курортына бардым. Екі кісілік жайлы бөлмеге жайғасып, бірер күн жалғыз жатқаным да бар. Үшінші күні қараңғы түсе жатар жайға келе жатсам, әлдекім алдымнан шығып: "Көке, кілтті де тастап кетпейді екенсіз ғой", - деп дауыстады. Қарасам, Оралхан тұр алдымда. -Иә, не боп қалды? — дейін жақтырмай. -Біз де осында келдік. Сізбен құдайы көршіміз. Қабыл аласыз ба, жоқ, басқа орын сұрайын ба? — дейді кекірейіп тағы да. Екі-үш күн осылай текетіреспен жүріп, бірте-бірте бір үйдің баласындай қалай шүйіркелесіп кеткенімізді өзіміз де білмей калдық-ау деймін. "Адам сөйлескенше, ат кісінескенше" деген осы болуы керек, ашық сырласып, алаңсыз ақтарыла күліп жүрдік. Қарасам, бүл бір аузын ашса, көмейі көрінетін, ішіне сыр бүгу дегенді білмейтін ашық та жайдары, әңгімешіл, анекдот дегеннің нағыз түбін түсіретін айтқыш жігіттің өзі екен. Ол сөйлейді, мен жатып кеп күлемін. Мен күлемін, ол сөйлей береді. Бір күні: "Әй, Оралхан,— дедім, — мен сені әмісе ата қаздай болып қоқиланып, қыржиып жүргенге, дарынына семірген, талантын малданған кеудемсоқ, өзімшіл, өркөкірек жігіт пе деп жүрсем, олай емес, нағыз өзімнен аумаған ақкөңілдің өзі екенсің ғой". Оралхан селкілдей барып, бар екпінімен керуетіне шалқасынан жата кетті де, булыға келіп күлді дейсің бір. Қиқылдап, шиқылдап күліп алды да, қақала-шашала отырып: "Көке, ғафу етерсіз, сіз туралы мен де дәл осындай пікірде жүруші едім. Қалай айтудьң ретін таппап едім, өзіңіз бастап... жақсы болды ғой", — деп тағы біраз жалғыз өзі күліп алды. - Көке, мен сізді Сарыағаштан қайтқанша "көке" дейін, жарай ма? - деді бірде. - Алматыға барғаннан кейін ше? - Поведениеңізге қарай ғой, бәлки, "аға" деп жүрермін. Сол күннен бастап біздің арамызда адам ұғып болмастай бір туыстық, қимас қызық сыйластық орнап еді.. Жалқау жаралған басым, кейде су ішіуге баруға ерініп, Оралханды жұмсаймын ғой баяғы. Ол бармаймын демейді. Бірақ тырна мойын графиннің кеңірдегінен қылғындыра ұстап, әрлі-берлі ойқастай жүріп алады да: "Апыр-ай, жаралғалы жан баласы жұмсап көрмеген Бөкеевті таң атпай безектетіп суға жіберетін болдыңыз ғой!" - деп әрең кетеді. Онысы ренжуден гөрі, әзілге, аға мен інінің жарасымды ойынына көбірек ұқсайды. Курорттың мәдениет жағын басқаратын жолдастар келіп, демалушылар арасында әдеби кеш, кездесу өткізсек деген тілек айтты бірде. Ондайға Оралхан да, мен де самарқау екенбіз, "коя-ақ қойындар, қайтесіндер" деп, аттонымызды ала қашсақ та, ақыры, болмай, бір күні клубқа сүйреп апарды. Бізбен бірге Кенен ақынның қызы Төрткен де өнер көрсетеді екен, алдымен бірнеше ән салып берді Одан соң мен екі-үш өлең окыдым да, кезек Оралханға келді. Інім үшін мен қысылып отырмын, романнан үзіңді оқима әлде әңгімесін жатқа айта ма, жүртты әбден зеріктіретін болдыау деп. Оралхан сахнада тіпті шоқтығы биіктеп, кесек адымдап, кемеліне келе түседі екен. Жақтауға таяп барды да: - Бейімбет Маилин, "Шүғаның белгісі" деп хабарлады. Сөйтті де, мен бұрын естіп көрмеген бөлек бір діріл, басқаша бір мейірлі мәнермен Бейімбет шығармасын зуылдатып жатқа айта жөнелді. Зал іші сілтідей тынып қалған. Кейде бір орында тұрып, кейде жүре түсіп, тоқтай бере дауысын баяулатып келіп: "Әй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!" - деп үзілдіре аяктағанда, шын мәніндегі сүйсініспен ду қол шапалақтау басталды. Кейін оңашада мен де мақтай қошемет білдіргенде, Орал¬хан: "О, біз деген әртістің де оқуын оқып, бола алмай қалдық қой, әйтпесе!"- деп бітірген сөзін. Бір топ демалушы қыз-келіншектер арасында Оралхан әңгіме айтады. Олар ішегі түйілгенше күледі кеп. Кейде тіпті Оралхан аузын аша бастаса күлетінді шығарды бәрі. Соңдай әңгімені мен де білем, мен де айтып көрем, бірақ күлдіре алмаймын. Ол да бір әркімге дари бермейтін, дара бітер өнер болса керек. Оралханның осыңдай да беймәлім қыры барына өзім куә болған бірер жәйтті айта кетейін. Бірде әдеби сапарлардың бірімен қырғыз елінде болдым. Бір топ бауырлас қаламгерлермен Ош қаласын аралап, Нарьш аспақ болдық. Сонда қырғыз ақыны Мейрамхан Әбілқасымова осы бағыт бойынша сәл бұрын Оралханмен сапарлас болғанын, жол бойы жазушы інісінің езу жидырмай күддіргі әңгіме айтқанын сөз етті. Мейрамхан өзі де әңгіменшіл әйел, сөйте тұра, Оралхан өнерін айырықша бағалай, мейіріммен күле отырып есіне алып еді. Енді бірде Қуанышбай Құрманғалиев елуге толды да, үлкен-кіші бір топ тілеулес достары сол үйде бас қостық. Кешті Оралхан баскарды. Әнімен, әзілімен, ешкімте алабөтен жұмсақ КӨПШІК қоймай отырып-ақ, жинақы жүргізген дастархан мәзірінің бір түсында Шерағаң үйіндегі жеңешеміз: — Апыр-ай, Оралхан бауырым-ай, мен сені керемет жазушы, қаламы жүйрік журналист ретінде білуші едім, енді аңғарсам, сен елде жок, асаба екенсің ғой, — дегені бар еді сүйсінгенін жасыра алмай. — Міне, жазушы Оралханның мен байқаған бір қыры осындай еді. Жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болғанына не жетсін, шіркін.

Мұхтар Әуезов

Есепшілер

Яндекс.Метрика