Мұқағали өлеңдері

Печать

Қазақ жері!

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!

Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!

Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі - балауса, балдырған,
Ал күзі - алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған,
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған.

Бақыт деген...

Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақыты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Бақыт деген – әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген дәл қазір –
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.

Бақыт іздеп, мал бақ, мейлің тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың, бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең, масқара!

Бақытың – мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең, бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім –
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

Ана, сен бақыттысың!

Ана, сен бақыттысың, жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың!

Бармын ғой, тірімін ғой, қасындамын,
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,
Байырғы берекеңді қашырмағың.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана, сен, бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…

Автограф!

Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзін Цезарь болып көрдің бе?
Сырым да – осы,
Жырым да – осы
Алдыңда.
Байқашы бір:
Бықсыдым ба, жандым ба?
Мақаңдар жоқ,
Мақаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Арнау

Қадірлім, қасиеттім, Ордам менің!
Отаным, арқа сүйер қорған – белім.
Заңғар көгім, сая бақ, орман – көлім,
Жем жеген алақаннан ақ кептерім –
Боз құсым иығыма қонған менің!
Рухым – бар пәледен қорғар мені!

Кешір, шеше! Мәңгілік майдандамын.
Жауға олжа болмасын деп жайған малым,
Отан деп аталатын сайран – бағым,
Қаламаймын біреулер ойрандауын,
Сол үшін күзеттемін, майдандамын,
Мың есе намысымды қайраудамын.

Түсін, шеше!

Мен емес жаман бала,
Ренжіме маған да, заман ға да!
Қарызынан Отанның құтылайын,
Отан деген – маған да, саған да Ана!
Қи мені Отаныма, алаңдама.

Сен – менің жаратушым құндақтаған.
Мен сенің ұлыңмын деп кіл мақтанам.
Кешір, Ана!
Бір сенің еркең болмай,
Отаныма ұл болу – қымбат маған.

Сеніменен Отаным егіз деймін,
Сеннен – Отан, ал Отаннан – сені іздеймін.
Отаныма бер мені басы бүтін,
Нашар әйел тапқан ұл дегізбеймін!..

Жүрегіме жүк артып.

Жүрегіме жүк артып,
Жүрегіме жүк артып,
Жүдедім бе?
Білмеймін.
Жүдедім бе мұнартып?!
Жігеріме, білмеймін
Жібердім бе мұң артып?!
Жүремінде,әйтеуір,
Жүремінде құмартып
Жүрегіме жүк артып.
Мен іздеген нұр – бақыт,
Ұстатпаса зуласын
Тек жүрегім бір уақыт,
Жүксіз қарап тұрмасын.
Жүрек болып туғасын

Мәңгілік жастық!

Мәңгілік жастық,
Мәңгілік жасыл, көкпеңбек.
Алақай,біздің алаулы жастық өткен жоқ!
Қуарған күз де,
Бозарған қыс та,мінекей,
Наурызбен бірге оралды тағы көктем боп!

Бүкіл ғаламның
Ынтымақтығын байқаған.
Дүниені тегіс жасыл нұрымен шайқаған,
Жалғанды мына,
Жасыл нұрымен жасартып,
Жадырап күліп,
Наурызым келді қайтадан!

Биылғы көктем бір бөлек,
Далаға шыққын
Бақтарда өнген гүл де ерек.
Өсуі үшін,
Өрбуі үшін адамның,
Осындай көктем,
Осындай тұнық күн керек!
Биылғы көктем...
Бәрінен ерек тұр бөлек!

Осылай тұрсын!
Осылай мәңгі көктесін!
Шаң ұшып жерден,
Аспаннан ызғар төкпесін.
Мәңгілік мына құрлықтардың бетінен
Мәңгілік жастық –
Мәңгілік көктем кетпесін!

Елім барда.

Не сыйлайды,не береді келер күн,
Неде болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі қозысымын мен елдің,
Көгендегі құлынымын мен елдің.

Не сыйласын,несін берсін ел маған,
Тұрсақ екен елім де аман,мен де аман.
Таулар менің таусылмайтын бақытым
Ал ырысым ұлаңғайыр кең далам.

Не істемекпін алтын,гауһар,жақұтты
Оларды іздеп өткізбеймін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да.
Туған елім болса екен бақытты.

Дәнеңе де сыйламасын келер күн.
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім тұғырында тұрса екен,
Әрі қарай...
Әрі қарай көрермін.

Поэзия

Поэзия, менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесін бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл - жасыл шұғыла шашылганда,
Көк жиек пен көк жиек косылғанда.
Махаббаттан іздедім, сагыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан.
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім   жадырау,жабығыстан,
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің  бүршігінен.
Қуаныштан, түршигу,күрсінуден,
Сені іздедім жүректін дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедим, сағаттан да.
Сені іздедім, іздеймин тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым халқым менің
Соған берем ойымның алтын кенін
Ол бар болса мен бармын қорболмаймын
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің

Ал екінші бақытым тілім менің
Тас журекті тілімнен тілімдедім
Кей кейде дүниеден түңілсемде
Қасиетті тілімнен түңілмедім

Бақытым бар үшінші отан деген
Құдай деген кім десе отан дерем
Оты сқнген жалғанда жан барсыңба
Ойланбайақ келдағы от алменен

Үш бірдей бақытым бар алақанда
Құдай мені бақытты жаратарма
Үшкүн нұрын тқгеді аспанымнан
Атырау,Алтай,Арқа,Алатауға

Бесік басында

Бар тыныштық ұқсайды жер бетіне
ұйқыдағы сәбидің келбетіне
ояту былай тұрсын рұқсатта жоқ
ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге
ұйықта ұлым, ұйықта қасыңдамын
керек емес дүниенің асылдарың
бар бақыт байлық мен үшін
сенің келіп мойынама асылғаның
танауыңнан айналайын сүртілмеген
тамағыңнан айналайын бүлкілдеген
не дейсің сен бұртыйып айтшы маған
қытықтаған жүректі бір тілменен

Өзім үшін!!!

Жылату көп, көңілді жұбату жоқ,
Қалай жүрсең күйесің бәрі бір от.
Лаулап жанған арманның ұщқынынан,
Жүрегімде тұтанып жайнады шоқ.
Талаптанам өмірдің нұрын көріп,
\\\\"Күмәнсіз\\\\" келешекке адал сеніп.
Өмірімді ойланумен өткізермін,
Амал не жүрек гүлі қалса семіп!
Адам боп дүниеде жаратылдым,
Мылқау емен надан боп қалатұғын.
Талабым зор, жүректе шырағым бар.
Өмірден өз үлесін алатұғын.....

Шыда, шыда!

Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы
Әйтеуір бір атады, бір атады.
Өкінбе, өкпелеме
Бүгініңе
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге.
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып табынбағын.
Шыда, шыда
Шыдай түс, тағы шыда,
Тау құлатқан тасқынның ағысына.
Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға...