«Ұлттың ұлы ұстазы»

Печать

      Рухани мәдени тарихымыздың көрнекті өкілі, белгілі ғалым - педагог, халқымыздың тұңғыш тіл маманы, қазақ әдебиеті теориясының  негізін салушы, ақын, аудармашы – Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 140 жыл.
Таяуда М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың  Ақпараттық білім беру орталығының  №5 оқу залында «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тіл білімі» кафедраларының  ұйымдастыруымен  Ахмет Байтұрсыновтың  140-жыл толуына орай   «Ұлттың ұлы ұстазы» атты оқырмандар  конференциясы  университеттің  оқытушылары мен студентінің қатысуымен өтті.
Филология  факультетінің деканы Б.М.Тлеубердиев конференцияны ашып беріп, өз сөзінде: «Алаштың ардақтысы Ахмет       Байтұрсынұлы - саясаткер, көрнекті ғалым, ақын  ұлты  үшін, салт-дәстүрін сақтау үшін  жанын  қиған  қайраткер.  Ахаңның аталған салалардан жазған еңбектерінің ғылыми терең мәні, алғыр да парасатты, өз дәуірінің еңсесі биік ер-азаматы, қазақтың сол кездегі саусақпен санарлықтай маңдай алдыларының бірі. Кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, өлмес мұра қалдырған ұлы тұлғаның өмірі әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді», - деп атап өтті. «Гуманитарлық мамандықтар бойынша шет тілдер» кафедрасының оқытушысы Төлеген Балауса «А.Байтұрсыновтың И.А.Крыловтың мысалдарын  аударудағы шеберлігі» атты баяндамасында: «Ахмет Байтұрсыновтың мысал аудармасында қоғамда болып жатқан жайттарды меңзейтін әлеуметтік жағдайды сипаттайтын оқиғалар, қазақ  халқының психологиясымен сәйкес тұжырымдар мол  орын алған Ахметтің көркем аудармалары қазақ  әдебитетіне қалдырған бай мұраларының бірі».
ФИ 13-1к1 тобының студенті Ахмет Бекзатың «Ұлттық болмысты ұлықтаған ұстаз»,ФИ13-1к2  тобының студенті Тоқтағұл Зейнептің  «Ахмет  Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарасы»  атты баядамалары тыңдалды. Ахметтің өлеңдерін Бейсенбай Гүлжауқар, Сұлтан Таңшолпан мәнерлеп оқыса,  жас ақындар Тілләбек Айдын, Талғат Есжан, Бейсенбай Жәудір, Бейбітбек Ақбота, Абибуллаева Арайлым  ұлы ұстазға өздері шығарған  арнауларын оқыды.
       «Қазақ әдебиеті» кафедрасының  оқытушысы, доцент А.Б.Қалшабеков: «Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет етті және халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.   Рухани  құндылықтарды жас ұрпақтың  бойына сіңіруге бағытталған осындай ұлы тұлғаларды ұлықтайтын іс-шаралар өтіп тұруы қажет», - деп  қорытындылады.
 Конференцияда тарихи тұлғаның шығармаларын  насихаттайтын арнайы кітап көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Тәуелсіздікке жетуде елі үшін аянбай тер төгіп, Қазақтың ұлт ретінде  сақталып қалуына үлкен үлес қосқан Ахмет Байтұрсынов есімі  ұрпақпен бірге мәңгі  жасай  бермек.

Халида Шамбулова

Ақпараттық білім беру орталығының сектор меңгерушісі