Биыл қазақ әдебиетінің үш алыбы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толды.
Биыл қазақ әдебиетінің үш алыбы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толды. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-де ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған «Үш бәйтерек» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен студент-жастар қатысқан кешті ұйымдастырған Ақпараттық білім беру орталығы келушілерге Алаш арыстарының құнды мұраларынан жинақталған кітап көрмесін ұсынды. Кеш «Мәдениет және өнер» факультетінің талантты студенттерінің «Үш бәйтерек» атты композициялық қойылымымен ашылды. Университеттің Басқарма Төрағасы-ректор м.у.а. Ғани Бесбаев қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолынан сыр шертіп, ұлы мұраларының ұрпаққа берер тағылымын атап өтті. Ф.ғ.к, доцент «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабек, п.ғ.к., аға оқытушы Саттар Жанболатов, абайтанушы Әзімхан Исабек үш арыстың қасиеттері, ұлтты сақтап қалудағы тар жол тайғақтағы өмірлері мен тағылымды мұрасындағы тың деректерімен бөлісті.
– Үш арыстың мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Біз де қазақ халқының үш бәйтерегі, адал перзенттер Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жылдығын атап өтіп, осы арқылы олардың шығармаларын оқу, поэзиясына сусындату, насихаттау, жастарға біздің ата-бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты аңсап, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындыруды мақсат еттік, - деді Ақпараттық білім беру орталығының басшысы Индира Қобланқызы.
Жастар шоқтығы биік үш тұлғаның шығармаларын оқып, өлеңдерін шырқады. Кеш соңында ғылым мен жоғары білім саласына қызмет еткен бірқатар оқытушылар құрамы марапатталды.