Құрметті оқырмандар
Сіздердің назарларыңызға Оңтүстік Қазақстан облысының өлкелік кітап қорын толықтыру мақсатында сирек кездесетін кітаптар мен құжаттарды сақтау үшін, бір даналы кітаптарды сандық көбейтуден өткізіп «Өлкетану» дерек қорлар базасын ұсынып отыр.
Өлкетану базасының маңызды бағыттары: жаңа ақпараттық технологиялар негізінде қызмет көрсету; өлкетану қорын сақтандыруды ұйымдастыру; өлкетану туралы кітап қорын жинау, өлке тарихын, табиғатын, әдебиетін насихаттау және мәдени мұрасын өркендету, сирек кездесетін кітаптардың көшірмелерін түсіріп алу.
Өлкеде әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби, әулие Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи сияқты ғұламалар дүниеге келген. Өңірдің тарихы өте терең және тағылымды. Бүгінде елдің барлық тұрғындарының 15 пайызы тап осы Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді. Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер.
Өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Мемлекетіміздің мәйегі осы оңтүстік өлкесі болып келеді. Қазақ халқының пейілі дархан даладай кең болса, жері де сондай ұлан ғайыр кең. Қазақстанның әрбір өлкесі өзінше қасиетті. Десек те, Оңтүстік өзге өңірлерден өзгеше. Оңтүстіктің ауа-райы қандай ыстық болса, құшағы да сондай ыстық. Қазақтың қасиетті тілі де, салт-дәстүрі де мұнда қаймағы бұзылмаған күйінде сақтаулы. Оңтүстіктің Түркістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек, Төлеби, Созақ сынды аудандарының қай-қайсысы болса да қасиет тұнған аймақтар.