1922 жылдың 15-желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауылындағы орталау мектепті бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған.
1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған.
Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энциклопедиясында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жемісті қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді.
Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыстағы ауданда” деген атпен 1956 жылы жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етті.
Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған.
И.Буниннің, М.Шолоховтың, Т.Павленконың, А.Якобсонның шығармаларын қазақшаға сәтті тәржімалаған. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан он томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған.
1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген. III дәрежелі «Даңқ», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», II дәрежелі «Отан соғысы», «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталған.
Әзілхан Нұршайықов – Қазақстанның халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Семей қаласындағы М.О.Әуезов атындағы университеттің, Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының құрметті профессоры, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының құрметті азаматы.
Көркем әдебиетті қадірлейтін халқымыздың бірнеше буын өкілдері жазушының шығармаларымен сусындап өсті. Оның шығармаларының кейіпкерлері қашанда жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, махаббат пен достық сезіміне тәрбиеледі. Миллиондаған адамдардың жүрегіне жол тапқан құнды шығармалары ұлттық мақтанышымызға, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Алаштың абыз ақсақалы, аса көрнекті қаламгер, парасатты да білікті Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.
Қазақ әдебиеті тағы бір орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов дүние салды.