Ілияс Есенберлин

Print

 

Ілияс Есенберлин (1915 — 1983 жж.)

Есенберлин Ильяс (1915–1983 гг.)

Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын Ұйымдастыру комитетінің шешімімен жыл кітабы ретінде, яғни 2015 жылы бүкіл ел болып оқуға Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, қазақ совет қаламгерлерінің ішінде алғашқылардың бірі болып тарихи романдар жазып, әлемге танымал болған жазушы, драматург, ақын, сценарист Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалғаны туралы хабарлама Ұлттық академиялық кітапхана сайтында жарияланды. Бұл таңдау классик жазушы, ғажайып сөз зергері Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО аясында дүниежүзілік дәрежеде аталып өтуімен және жоғарыда аталған тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр.

Ілияс Есенберлин 1915 жылдың 10 қаңтар күні Ақмола облысы Атбасар жеріндегі ағаш шеберінің отбасында дүниеге келген. Ілияс інісі Раунақ екеуі ата-аналары қара шешек індетінен қайтыс болғандықтан ерте жетім қалады. Раунақты жақын туыстары паналатып, қамқорлық жасайды, ал 9 жасар Ілияс балалар үйіне орналастырылады.

Шығармашылыққа бір табан жақын өскен бала Ілияс мектеп қабырғасында болған кезінде өзінің таңқаларлық математикалық қабілетін көрсете білді, сонымен қатар ол әртүрлі оқиғалар мен құбылыстарды жылдам талдап жүйелей алатын, қазақ ауыз әдебиетін өте жақсы білуімен қатар әлемдік классикалық шығармаларды сүйіп оқитын, сурет салумен әуестенетін және жылқы малына жаны құмар болды. Оның мінезі жарқын, өте жігерлі, шыдамды және есте сақтау қабілеті ерекше, өмірге құштар болды.

Мектепті тәмамдаған соң жұмысшы факультетінің студенті атанып, үздік аяқтайды. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істей жүріп, Алматы Тау-кен металлургиялық институтына түсіп, «тау инженері» мамандығын алып шығады.

1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды.

1942 жылы қатты жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды. 1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында инструктор болып жұмыс істеді. Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызы Диляра Жүсіпбековаға үйленіп, қайын енесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді. Сталиннің өлімінен соң ақталып, босатылады. Жұбайымен Семей облысындағы кеніштерде жұмыс істейді. Артынан Қазақ КСР-ның Геология министрілігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.

Көркем шығармаларын Ілияс Есенберлин соғыс кезінде жаза бастайды. Оның алғашқы өлеңдері мен поэмалары 1945 жылы жарияланады. Бірақ ол өзінің шығармашылыққа және әдебиетке деген бейімділігін соғыстан кейінгі жылдарда ғана анық сезіне бастайды.

Жанұясымен Алматыға оралып, қатардағы редактор лауазымында, көркем әдебиет баспасына жұмысқа орналасқан соң проза жанрындағы алғашқы «Адам туралы ән» романын жазады. Кейінірек Есенберлин «Қазақфильм» киностудиясына ауысып, танымал әдебиет пен өнер майталмандары - Қапан Сатыбалдин, Шәкен Айманов, Олжас Сүлейменов сияқты т.б. өзіне жақын адамдардың ортасынан табылады. Ол киностудияда көптеген фильмдерді редакциялап, ондаған киносценарийлер мен пьесалар жазады. Бірақ жазушы кейіннен өзінің кәсіби драматург бола алмағанын мойындайды.

Қаламгер өз халқының тарихын зерттеп зерделеуге көп назар аударады. Ол ғылыми монографияларды оқып, мұражайлар мен мұрағаттарға жиі барып ізденетін, түпнұсқалық құжаттарды барлық зейін-ықыласымен зерттеп, тынымсыз еңбектенетін. Өзінің ойға алған алғашқы тарихи романын жазу үшін ол үздіксіз еңбектеніп, көптеген мәліметтер жинап, оларды өңдеуден өткізді. Ал 1965 жылы Есенберлин бар-жоғы үш айдың ішінде өзінің әйгілі трилогиясының бірінші кітабы «Қаһарды» жазып бітіреді, көп кешікпей жаңа «Көшпенділер» атауымен трилогияның қалған екі кітабын да жариялайды.

«Көшпенділер» трилогиясынан кейін «Алтын Орда», «Қатерлі өткел» атты тарихи романдары, өзі өмір сүрген заман шындығын суреттейтін туындылары «Алтын құс», «Ғашықтар» және т.б. көптеген шығармалары жарық көреді. Ілияс Есенберлиннің шығармалары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, әдебиетке серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар.

Ілияс Есенберлин Алматы қаласында 1983 жылдың 5 қазанында, ұлы жаңа ғана баспадан шыққан бес томдық шығармалар жинағын әкелген күні жүрегі жарылып, дүние салды.

23

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлин – ұлт тарихын көркем әдебиетте алғаш суреттеген қаламгер. Ұлттың рухын оятқан «Көшпенділер» трилологиясы орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы бұл трилология әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Сондықтан әрбір өзін сыйлайтын адам Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясын оқуы қажет. Өйткені бұл атақты тарихи шығарма эпикалық құлаш-қарымымен‚ оқиғалардың серпінділігімен‚ қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғалардың бейнесімен‚ тілінің шынайлығымен және айқындылығымен ерекшеленеді. Тарихта ешқандай «жоғалып кетулердің» болмағанын‚ осы ғасырлардың бәрінде де қазақ халқы өзінің ежелгі жерінде өмір сүріп‚ еңбек еткенін сенімді түрде көрсетеді.

Бұл трилогия тарихи аңыз қаһармандарының портретінен бастап көркем суреттеліп, аса шеберлікпен жазылған. Тарихи оқиғаларды осылай жазба әдебиеттің қажетіне жарату І.Есенберлин сияқты ұлы қаламгердің ғана шеберлігіне байланысты деп білеміз. Елбасымыз айтқандай: «Осы туынды арқылы аса көрнекті жазушының шығармаларын қастерлеушілер мен бағалаушыларға, біздің тарихымызды қымбат көретін барша жұртшылыққа бұл шығармаға жаңаша - ежелден азаттыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріледі. Бүгінгі күні бұл трилогияны қайта-қайта оқи отырып, біз керемет қырағылықпен ата-бабаларымыз - Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандарымыз, Наурызбай, Қобыланды батырларымыз, Төле би, Асан қайғы, Бұқар жырау даналарымыздың егемендігіміз үшін жасаған үлкен еңбектерін түсіне аламыз. Бұл адамдар және олардың серіктестіктері мен ізбасарлары өз елін шексіз сүйді, оның болашағына сенді, осынау көкейкесті мұратқа жету үшін аянбай күш-қайрат жұмсады. Ендігі жерде жастар бұл шығармадан рухани мықтылықтың, адамгершілік пен отаншылдықтың үлгісі мен тағылымына мөлдір бұлақтан су ішкендей қана алады. Ал енді аға ұрпаққа келетін болсақ, кітапты қайталап оқып шыққаннан кейін олар өздері осыдан біраз ғана бұрын байыбына бара алмастай көрінген көкейкесті сұрақтардың көпшілігіне жауап таба алады. Олардың ең бастысы, жеке және ортақ мүдделері үйлесім тауып біріккен халық, өзін түлетіп өсірген жерге адал берілген халық тауды қопарып тастауға, ең қиын мәселелерді шешуге қабілетті екендігін түйсінуде болса керек» - деп, тарихи туындыны аса жоғары бағалаған екен.

Осы тарихи трилогияның авторы өз күнделігіне былай деп жазған: «Жазушы алыста қалған уақытты тарихи зерделеумен ұзақ айналысқан кезде, өтіп кеткен адамдар мен оқиғалар оның санасында қайта тіріліп, ол еріксізден осының бәрінен тек адамды ғана көреді. Менде де осылай болды. Кенесары ханға қатысты XIX ғасыр оқиғаларын зерттей келе, мен осы өткен тарихи оқиғалардың бәрінен де қасіретті адамның тұлғасын көрдім. Ол маған бүкіл күрделі мінезімен, табыстарымен, сәтсіздіктерімен көрінді де, мен ол жайында роман жазып шықтым. Ақтаған да, қаралаған да жоқпын, өмірде қалай болса, солай етіп жаздым» - деген екен. Шынымен де, кітапты түгелдей оқып шыққан адам жазушының шығарманы жазудағы ой тебіреністерін сезіне алады.

Ілияс Есенберлин өз өмірінде артқыға жетерлік мол қазына жазып қалдырды. Біз оның осы шығармасын оқи отырып, бұрын тек тарихтан ғана есімдерін біліп, ерлік істерімен ғана шектелетін батырларымыздың өмір тұрмысын, арғы тарихы мен терең сырларын біле аламыз. Шығармадағы тарихтың әр сәті өте көркем әрі дәл суреттеледі. Қаламгер өз заманын болашақ заманы, ұрпақ өмірі деп білген, сол себепті өткен өмірдің баға жетпес деректерін көркем әрі түсінікті тілде ұрпаққа жеткізген. Еліне деген, өмірге деген ыстық сүйіспеншілік оның осы туындыны жарыққа шығаруына септігін тигізген болса керек.

Есенберлиннің шығармалары бұрынғы Кеңес Одағы дәуірінде барлық республикалар оқырмандарының сұранысына ие болды, ал Қазақстанда бүгінгі күнге дейін сөреде жатып қалған емес. Әсіресе 15 ғасырдан берідегі тарихымызды толғай жазған «Көшпенділері» Тәуелсіздік жылдарының өзінде сан мәрте басылып лезде қолдан қолға тарап кетті.

22

2007 жылдан бастау алған қазақстандық «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл тоғызыншы рет еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылып өткізіледі. Республикалық акция ел арасында аса танымал жобалардың біріне айналды. Оқырман қауым жалпыға бірдей оқуға ұсынылған туындыларды өте қызығушылықпен оқи отырып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен танысады.

 

 

 

 

 

Ілияс Есенберлин

alt

Mukhtar Auezov

Counters

Яндекс.Метрика