Қоржын үй
Қазақтың бізге танымал тұрақты мекен жайларының барлығынан сұлбасы көрінетін, арасы асхананың да міндетін атқаратын дәлізбен ажыратылатын, бірінде өздері тұрып, екіншісінде қонақ күтетін екі бөлмелі тұрғын үй.
Қоржын үй тұрғызу әдісі мейлінше қарапайым, ол үшін әдетте биіктеу жер таңдап алынатын да, оны кетпенмен тегістеп сабап, түйеқарын, кепкен жантақ, тағы басқа да шөп шалаңды төсегенен кейін малдың тұяғымен таптататын болған. Шөп – шалаңды сыпырып алып, үстіне су құйып, малдың тұяғымен таптауды ағаш тоқпақпен ұрып, нығарлаумен қатар жүргізе береді. Жер әбден дайын болғаннан кейін қабырға тұрғызылатын, шаршыға дуалдың енімен бірдей ор қазып, оған барынша қалың етіп қамыс төсеп, соның үстіне ғана үйді тұрғызған. Қазақтың бұл ұлттық үйінің құрылысы ірге тас, қабырға және қары, паруаз, қамыс сияқты жабын бөліктерден құралады. Төбесіне дуалмен байланыстыра екі жағынан қарама – қарсы тасталатын кеспек ағаштардың үстіне ши төсеп, баулаған қамыспен қалың етіп жауып, топырақ төгіп лаймен сылап тастайтын болған. Үйдің бір бөлмесінде үй егелері отырады, оны жатақ үй, қонақ қабылдайтын екінші бөлмесін қонақ үй деп атаған. Бөлмелердің арасы дәлізбен бөлінеді де ауызғы бөлме пайда болады.
Қоржын үйдің құрамында өзімен бірге жабылатын, әдетте құрылыстың өн бойына теріскей жағынан соғылатын астықтың түрін бөлек – бөлек құятын қамбалары, қақ, қауын құрт кептірілген жеміс, ірімшік, құрт, диірменге тартылған ұн қоятын орындары, ет жаятын бақаны болатын түнек тұрғызылатын. Қосалқының бұлай аталатыны – екі жанынан ашпалы көздері бар, жарық түсетін терезенің болмауынан.
Үйдің терезе есігі, бастырмасы күн шуақты жағынан берілген. Оттығы дәлізден жағылып, бөлмелері ара бөлік дуал арқылы жылытылатындықтан үйдің итарқасында түтін тартатын мұржалары, бөлмелерінің ауасын тазартатын дем тартқыш түтіктері болған. Қоржын үй ғасырлар бойы отырықшы қазаққа негізгі баспана болып келгенімен, соңғы кезеңде тұрмыстан мүлдем шығып қалған десек те болады. Қоржын үй – қазақ құрылысшыларының уақыт талқысынан өтіп бізге жеткен баға жетпес мұрасы. Ол халқымыздың өткен өмірін өндіріс күштерінің дәрежесін әлеуметтік хал жайын аңғартады.