Ұлы жібек жолының жаңғырығы
Оңтүстік Қазақстан- ұлы дала өркениетінің мәдениеті дамығын орталық азия қалаларының шоғырланған жері. Ұлы жібек жолы жерінің қиылысында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының жері Сырдария өзенін жағалаған көшпенді мемлекетінің мәденетінің өркендеген бесігі болып есептеледі.
Сауран қалашығы
Сауран қалашығы Түркістан қаласының солтүстік батысынан 40км қашықтық пен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысының қиылысынан 35 км қашықтықта орналасқан.
Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солт-шығыстан оңт-батысқа қарай 800 м. солт.-батыстын оңт-шығысқа қарай 500 м мәдени қабатының биіктігі 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді. Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.
Көне Отырар
Қалашық, ОҚО Отырар ауданы Талапты ауылында орналасқан. Түркістан қаласының оңтүстігінен 57 км, Шымкент қаласының солтүстік-батысынан 120 км қашықтықта орналасқан.
Отырар қаласы IX - XVIII ғасыр
Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді.
Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды.
Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А. Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.
Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар.
Отырар, ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елдімекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. 1219 жылы Отырар Шыңғысхан әскерінің соққыларынан құлады. Алайда, Отырар қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты. Қалажұрттың жалпы сипаты Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық ескерткіштердің көпшілігінің сипатына тән.
Тақырып бойынша ғылыми ізденіс өте кең. Отырардағы алғашқы қазбаны Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар бірқатар траншеялар салып, материал жинақтады. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (1971 ж. бастап ҚазКСР ҒА Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып аталады) ұйымдастырылып, оны Ақышев К.А. басқарды, ал, 1991 жылдан Байпақов К.М. басқарып келеді. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қалажұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды.
2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Отырар қалашығының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шұрат ескерткіштері Көк-Мардан, Құйрыктөбе, Жалпақтөбе, Уәсиж қалашықтары, Талтақай және Қоңыр мазараттарына кешенді зерттеу жүргізілді. Отырар шұратын аэрофотоқұжаттау іске асырылды, ең жаңа компьютерлік жетістіктерді пайдалана отырып шұраттың ежелгі ирригациясы зерттелді. 8 мыңнан астам аэросуреттер түсірілді. Шұраттың геоақпараттың негізі жасалды. Бұл Қазақстан археологиялық ғылымында жасалған ең ақпаратты және ауқымды жүйе.
Отырар шұраты – Қазақстан Республикасы археологиясының жауһары. Археологиялық зертттеулерді, консервациялық шараларды жалғастыру, туристік инфрақұрылымды дамыту – шұрат ескерткіштерін Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізу процесінің маңызды құрамдас бөлігі.
Сайрам
Испиджаб- Жібек жолының ең үлкен қалаларының бірі. Ең алғаш 629 ж. саяхатшы Сюань Цзян еңбектерінде «Ақ өзен бойындағы қала» ретінде көрсетілген. Кейін, Махмуд Қашқари : «Сайрам-ақ қала деп аталатын Испиджаб қаласы екенін» атап өткен.
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ИСПИДЖАБ
Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіндегі бірінші бірегей ірі қала Испиджаб болды, ол оған осы облыстың барлық жер - суы - шығыста Талас - Шуға дейін, солтүстік - батыста Сырдарияның орта ағысына дейін ұласып жатты. Қазіргі кезде орналасқан жері Сайрам ауылының оңтүстік - батысында, Шымкент қаласынан 12 км жерде [1,42]. Зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П.Иванов, 1925 жылы М.Е.Массон, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген. Қазба жұмысының барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған көлемі 28 га жерді алып жатқан қаланың орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған [2,215]. Оңтүстік Қазақстанға арналған тарихи-географиялық ортағасырлық әдебиеттерде Арыс пен Талас арасындағы аудан маңызды орынға ие болғандығы жайлы айтылды. Ерте орта ғасырда экономикалық және стратегиялық жағынан ерекше маңыздылығы шығыс авторларының бұл ауданның тарихи топографиясына деген қызығушылығын тудырды. Әсіресе, басты назар Испиджаб қаласына аударылды. Қала бірнеше ғасырлар бойы тек өзінің шаруашылық аймағында ғана емес, сонымен қатар Отырар және Тараз оазистерінің жерлерінде басымдылығын сақтады [3,128]. Орта ғасыр дәуіріндегі Испиджаб (Сайрам) X ғасырмен XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалаға айналды. Испиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын; Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж мен Берукей қалаларын; Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды [4,152]. Ибн-Хаукаля, Макдиси, Абул-Феданың деректері бойынша, бұл аймақтар іс жүзінде болмаса да, номинальды түрде Испиджабтың экономикалық, саяси, мәдени ықпалының астында болды. Испиджаб пен оның жерлерінің саяси ролі мына онша маңызды емес фактіден - ақ көрінеді. Ол Мауреннахрдың билеушілеріне хараджды төлемеді. Макдисидің айтуы бойынша: «Испиджаб тек жыл сайын өзінің оған бағынышты екенін көрсету үшін ғана саманидтердің сарайына сыйлықтар жіберіп отырған» [2,129]. Х ғасырдың географы Ибн Хаукальдың жазбасы бойынша: «Испиджаб - шамамен Бинкеттің үштен екісіне тең қала. Ол мединадан (орталықтан), қамал мен рабадтан (керуен-сарай) тұрады. Қамал күйреген, ал медина мен рабадта тұрғындар тұрады, медина дуалдармен қоршалған рабадты да ұзындығы фарсахқа таяу дуал қабырғасы орап жатыр. Рабадтың өз бағы мен суы бар. Ол тегіс жерде жатыр, онымен ең жақын деген таулар арасы үш фарсахтан (20 км). Мединенің төрт қақпасы - Нуджкет қақпасы, Фархан қақпасы, Шакван қақпасы және Бұхара қақпасы бар. Оның базарлары медина мен рабатқа, ал басқару үйі, абақты мен бас мешіт мединаға орналасқан».
Испиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге өтпелі сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары - керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқанд көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығыс шығарған және Испиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Испиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты.
Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салынған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме - и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфағани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады. Кейінірек қаланы қазақтар қолға алған кезде ол Бұхара мен Самарқандқа сол жерден жасалатын жорықтардың тірек қорғанына айналды [3,23].
Сайрамның XIV-XVII ғасырларда өмір сүрген кезеңінен хабар беретіндей деректер өте мардымсыз. Дегенмен, Сайрамның орта ғасырдың аяқ кезінде де Орта солтүстіктегі Орталық Қазақстан көшпенділеріне және шығыста Моғолстанға баратын жолдардың торабында жатқанының өзі осы бір қалалық және отырықшы өмір ауданының мән - маңызын көтеретін дерек. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін, қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Испиджаб төңірегінде көптеген калалар мен қыстақтар болған, ол туралы X ғасырда ал - Истархи былай жазады: «Оның, құрылыстары саз балшықтан жасалған, оның базарлары жеміс-жидекке тұнып тұр, онда түрлі өнім көл-көсір және сан-алуан пайдалы заттар да көп. Оның айналасы толған қалалар мен қыстақтар». Жазба деректер олардың ішінде Манкет (Манкент), Джуми-шлаг, Газгерт, Харлуг атауларын атайды.
Өз округі мен іргелес қалаларды қосып алғанда Испиджаб - Сайрам халқы өте тығыз орналасқан аудандардың бірінен саналатын. Археологтардың есептеулерінше қаланың өзінде және қала маңында 40 мыңға тарта халық тұрған. Қала халқының саны көшпенді жұртшылықтың тұрақты түрде отырықшылана бастауы есебінен өсіп отырды. Мұны орта ғасыр авторларының деректері де дәлелдей түседі. Мәселен, Махмуд Қашқари VI-VIII ғасырларда осы жерге ауысып қоныстанған соғдыларды XI өздеріне сіңіріп алғандығы жазады: «Баласағұн тұрғындары соғдыша да түрікше де сөйлейді. Тараз бен Ақдала (Мединат ал - Байда) тұрғындары да сондай». Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ, қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Көшпенді - малшылардың кедейленіп қалған топтары отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысты. Якубидің жазбасы бойынша, Испиджаб ғасырлық көшпенділіктің шекарасында орналасқан үлкен қала еді. Соған сәйкес, ІХ-ХІІ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінің барлық территориясында қалыптасқан, Сығанақтан Сауранға дейін, батыста Құланнан шығыста Меркеге дейінгі аймаққа тән жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Мауреннахрдың феодалдық құрылысының принциптері негізінде құрылған классикалық қаланың үлгісі болды. Испиджабқа қатысты анықталған деректерді археологиялық зерттеулердің мәліметтерімен сәйкестендіре отырып қарастырғанда, оның құландылары біздің зерттеуімізде ерекше маңызға ие болады. Бірақ ежелгі Испиджабқа қатысты бірнеше ғылыми жұмыстар болғанына қарамастан, танылған ғылыми әдебиетте ежелгі Испиджаб қаласының белгілі бір анықталған қаламен сәйкестендіру жайлы сұраққа жауап табылмай жатыр. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.
Шымкент қаласынан 10 км қашықтықта, Сайрам су өзенінің бойында орналасқан.
Түркістан
Түркістан қаласы- түркі тілдес халықтың рухани және діни орталығы мен Қазақ хандығының астанасы болған. Қазір Түркістанға 1500 жыл. Қажылар Түркістанға үш рет саяхат жасау Меккеге барғанмен тең екенін айтады.
Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Яссы. Яссы Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. XII ғасырда әсіресе Қ.А Яссауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған. Түркістанға 1500 жыл. Яссауи – ортағасырлардың ерекше сәулеті болып табылады.Керемет орналасуы және әдемі мозаика суреттермен апталған қоршау. 1500 жыл ішінде Түркістан атақты шейх-көріпкел ақын Хазрет-сұлтан аталған Қожа Ахмет Яссауидің арқасында әлемге әйгілі болған. Ол кезде қала атауы –Яссы болатын. XIV ғасыр аяғында Түркістан Ұлы Әмір Темір арқасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынған соң атақты болды.
Мұсылман әлемінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екінші Мекке болып саналады. Оңтүстік Қазақстандағы 802 ескерткіштер ішінде : 528 археология ескерткіштері; 42 тарихи ескерткіштер; 226- сәулет ескерткіштері болып есептеледі. Ең қызық археологиялық ескерткіштер IX -XII ғасырлардағы қараханидтер кезеніне жатады. Бұл кезен Ұлы Жібек Жолы өркендеп келе жатқан кездегі әйгілі Отырар қаласы, яғни археологиялық қазбалар арқасында ол тарихи-мәдени қорық болып, Отырар жазирасына айналып, атақты туристік обьектіге айналды.
Сонымен қатар бұл жерде керемет тарихи мұражай моңғолдар шапқыншылығынан зардап шеккен обьекттер де бар. XII-XX ғасырға жататын ескерткіш Арыстан Баб атақты киелі көріпкелге арнаған.
Бірақ одан да көлемді ескерткіш 2000 жылы 1500 жылдығын тойлаған Түркістан қаласындағы сәулет болып саналады. Әмір Темір бұйрығы бойынша атақты Қожа Ахмет Яссауи мазары үстіне кесене орнатылды. Көптеген тарихи кезендерді бастан кешкен бұл кесене биіктігі 40 метр.
Орталық залы – Қазақ хандар резиденциясы сақталған, спецификалық мұражай – пантеон ашылды. Мұражай маржаны болып мұсылман елдері ішіндегі ең үлкен уға арналған –Тай Қазан бар. Ол 7 металл қоспасынан жасалған. Тарихи ескерткішке тағы да қорық болып саналған Ордабасы қорығы жатады. Бұл жерде Шымкенттен 30 км қашықтықта XVII ғасыр басында Қазақтар бірігіп, батыстағы моңғолдарға, яғни жоңғарларға қарсы шығып, Орда құрған еді. Шымкент қаласының солтүстігінен 169 км қашықтықта орналасқан