Биыл оқырмандары 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан майдангер-қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы жайында ортаға салынған ой-пікірлер осыған саяды. Соған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұйымдастырылған шара басқа оқу орындарындағы кештерден өзгеше өрнекте жалғасты. «Әйгілі Әзаға», «Деректілік пен көркемдік» атты кітаптарға арналған тұсаукесердің соңында студенттердің жаңадан құрылған «Шаңырақ» театры осы шығарманың желісінде сахналанған қойылымды ұсынды.
Тұсаукесер кешті қысқаша сөз сөйлеп ашқан университеттің проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы: «Біздің университетімізде бүгін айтулы оқиға болып отыр. Биыл майдангер журналист, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың мерейтойы еліміздің түрлі өңірінде кеңінен аталып, оқу орындары мен ғылыми мекемелерде конференциялар өткізіліп жатса, біздің университет Әзағаңның мерейтойына ерекше шара арнады. Университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазин «Әйгілі Әзаға» атты жинақ құрастырып әрі «Деректілік пен көркемділік» деп аталатын монография жариялады», деді. Жетпіс екі автордың шығармаларының басын қосқан, көлемі 35 баспа табақ болатын естеліктер мен эсселер жинағының авторы: «Бұл талай жастың басына жастанып оқыған кітабы болды, сексенінші жылдар студенті атанған біздер де сол күйді бастан кештік. Ал университет ректоры Ерлан Сыдықовтың идеясымен жүзеге асып отырған мына шара арқылы сол дәстүр жаңаша жалғасуда», деп әлі де мұны кейінгі жастардың қызыға оқитынын тілге тиек етті.
Қазақ телевизиясының ардагері, жазушы Сұлтан Оразалинов өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас буынның еңбектеріне қаламгердің қашанда жоғары баға беріп, кішіпейіл қалпынан айнымаған бейнесін сөз етсе, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-тың президенті Сауытбек Абдрахманов: «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сезім тәрбиесінің оқулығы деуге болады», деді. Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов Әзағаңның күнделік жазып жүру керектігін айтқан кеңесіне құлақ түріп, біраздан бері өзі де тарихи оқиғаларды жазып жүргенін әңгімелесе, ал Парламент Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл әскердегі майдандас досының қарт қаламгермен кездескен сәтінен туған жырын тебірене оқып берді. Университеттің профессоры Рахымжан Тұрысбек жазушы мұрасының өскелең ұрпақ үшін өнегесі көл-көсір екенін алға тартты. «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының желісімен пьесасын Айбек Сапышев жазған сахналық туынды туралы әңгіменің жөні өз алдына бір бөлек. Оқу орнының жанынан құрылған «Шаңырақ» студенттік театрының жетекшісі Жамбыл Тілепов сахналаған спектакльдің көрермен жүрегіне тұңғыш рет жол тартуы емес, бұл шығарма осыған дейін семейліктерге ұсынылған болатын.
Сонымен Әзағаң бейнесі замандастары мен әріптестері естелігі топтастырылған ерекше еңбекпен тағы бір биікке көтеріліп отыр. Мұндағы алғысөз «Өрісі кең өркенді тұлға» (Нұрлан Оразалин) деп басталса, әрмен қарай «Жаны жомарт жан еді» (Ғарифолла Есім), «Қос қанатты дарын» (Тұрсынбек Кәкішев), «Әділет үшін алысқанбыз» (Қабдеш Жұмаділов), «Шындықтың шырақшысы еді» (Әкім Тарази) сияқты т.б. естеліктер бір-бірімен жалғасып кетеді. Әзағаң жайындағы ой-толғауларды түгел шолып, авторлардың аты-жөнін толық тізіп шығу мүмкін емес. Кітап «Фолиант» баспасына тапсырылғаннан кейін де көптеген авторлар мен Әзағаңның оқырмандары тарапынан естеліктерін келесі басылымға қосуды өтінген хаттар толастамаған. Ендеше, махаббатты жырлаған жүректің лүпілі тоқтаусыз соға береді деген сөз.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.