Әзілхан Нұршайықов

Печать

     1922 жылдың 15-жел­тоқсанында қазіргі Шығыс Қа­зақстан облысы, Жарма ауданы­на қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауылындағы орталау мектепті бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факульте­тінде, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесінде, педагоги­ка­лық институтында оқыған.

1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатыс­қан. Соғыстан кейін Қазақ мем­ле­кеттік университетінің фило­логия фа­культетін аяқтаған.

Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңге­ру­шісі, «Со­циалистік Қазақстан» (қазір­гі «Егемен Қазақстан») газе­тінде әдеби қыз­меткер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыс­тық «Қызыл ту» газетінде ре­дактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энциклопедия­сында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңге­рушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутында ғылы­ми қызметкер болып жемісті қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қа­зақстан Жазушылар ода­ғында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төр­ағасы болып келді.

Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыс­тағы ауданда” деген атпен 1956 жылы жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етті.

Қаламгердің қаламынан туған «Махаб­бат жыры», «То­ғыз толғау», «Автопортрет», «Махаббат, қызық мол жыл­дар», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қа­лам­гер және оның достары», «Мәң­гілік махаббат жыры» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жо­ғары бағасын алған.

И.Буниннің, М.Шолохов­тың, Т.Павлен­коның, А.Якобсон­ның шығармаларын қа­зақ­шаға сәтті тәржімалаған. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан он том­дық шығар­малар жинағы жарық көрген. Жекелеген шығар­ма­лары қырғыз, өзбек, тәжік, мол­дован, татар, якут тілдеріне аударылған.

1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлығының лау­реаты атағы берілген. III дәре­желі «Даңқ», «Құрмет бел­гісі», «Халықтар достығы», II дәрежелі «Отан соғысы», «Парасат», «Отан» орден­дері­мен марапатталған.

Әзілхан Нұршайықов – Қа­зақстанның халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлық­тың лауреаты. Семей қала­сындағы М.О.Әуезов атында­ғы университеттің, Шә­кәрім атындағы Семей педагоги­ка­лық инс­титутының құрметті профессоры, Жамбыл облы­сындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының құрметті азаматы.

Көркем әдебиетті қадір­лейтін халқы­мыздың бірнеше буын өкілдері жазушының шы­ғармаларымен сусындап өсті. Оның шығармаларының кейіп­керлері қашанда жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, ма­­хаббат пен достық сезіміне тәр­биеледі. Мил­лиондаған адам­дардың жүрегіне жол тап­қан құнды шы­ғармалары ұлт­тық мақта­нышымызға, мә­де­ни мұрамыз­дың ажыра­мас бөлігіне айналды.

Алаштың абыз ақсақалы, аса көрнекті қаламгер, парасатты да білікті Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.

Қазақ әдебиеті тағы бір орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов дүние салды.

Мұхтар Әуезов

Есепшілер

Яндекс.Метрика